457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

«Қайрат» пен «Реал» кездесуінің экономикалық пайдасы туралы дерек пайда болды

Халықаралық деңгейдегі матчтар – жанкүйерлерді біріктіріп, ұлттық клубтарға деген сенімді күшейтеді.

30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда тарихи матч өтеді. Чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» өз алаңында «Реал Мадридпен» күш сынасады. Бұл тек футбол сүйер қауым үшін ғана емес, ел спорты мен экономикасы үшін де айтулы оқиға, деп хабарлайды malimsports.kz El.kz интернет порталына сілтеме жасап. 

«ЖаркOFF» телеграм-арнасы Алматыға «Реалдың» негізгі құрамы келетінін алға тартты. Олардың қатарында Тибо Куртуа, Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Федерико Вальверде, Родриго, Арда Гюлер және басқалары. Тек Дани Карвахаль Алматыға келмейді, себебі ол бірінші турда «Марсельге» қарсы кездесуде қызыл қағаз алған болатын.

Бұл – қазақстандық жанкүйерлер үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені әлемдік футболдың бүгінгі күнгі ең жарқын жұлдыздарын өз көзімен көру, олардың ойынын стадионнан тамашалау – сирек бұйыратын сәт.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай матч туризм мен қызмет көрсету саласына да серпін береді. Алматыда матч қарсаңында жанкүйерлердің жан-жақтан ағылып, ішкі туризм де дамитыны анық.

«Қайраттың» тарихи мүмкіндігі

Алматылық клубтың өзі үшін бұл ойын – тек қарсыласпен сынға түсу емес, сонымен қатар беделді арттыру алаңы. «Қайрат» соңғы жылдары ішкі біріншілікте тұрақты өнер көрсетіп  келе жатқанымен, халықаралық аренада  өзін толық таныта алмай жүр. Ал «Реалмен» өтетін матч – қазақстандық футболдың деңгейін көрсетуге таптырмас мүмкіндік.

Әрине, екі ұжымның күші тең деп айта алмайсың. «Реал» – Чемпиондар лигасының рекордтық иегері, әлемнің ең бай және беделді клубтарының бірі. Дегенмен футболда таңғажайып оқиғалар да болып тұрады, ең бастысы, «Қайрат» жанкүйерлерінің алдында сапалы ойын өрнегін көрсетсе екен дейміз.

Жанкүйерлік мәдениет пен имидж

Қазақстанда футбол мәдениеті енді қалыптасып келеді. Дегенмен осындай халықаралық деңгейдегі матчтар – жанкүйерлерді біріктіріп, ұлттық клубтарға деген сенімді күшейтеді. Бұл тұрғыда «Қайрат» – тек Алматының емес, бүкіл елдің намысын қорғап тұрған команда. Ойынды тамашалауға шетелдік журналистер, блогерлер мен танымал тұлғалар көптеп келетінін ескерсек, бұл еліміздің халықаралық имиджін арттыруға да себеп болары анық.

Экономикалық ықпал

Сарапшылардың пікірінше, бір ғана «Қайрат» – «Реал» матчы Алматының экономикасына ондаған миллион доллар кіріс әкелуі мүмкін. Туризм, қонақүй бизнесі, мейрамханалар мен қызмет көрсету секторы айтарлықтай пайда табады.

Сонымен қатар бұл кездесу Қазақстанда футбол индустриясының дамуына да серпін береді. Жасөспірімдер үшін мұндай матч – үлкен мотивация. Бүгін «Реалдың» жұлдыздарын көзімен көрген бала ертең футболшы болуды, әлемдік деңгейдегі жұлдыз болуды армандауы әбден мүмкін.

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч – Қазақстан футбол тарихындағы жаңа белес. Бұл тек спорттық тартыс емес, экономикалық, мәдени және имидждік тұрғыдан да зор мәнге ие оқиға. «Қайраттың» жеңіске жетуі екіталай, сөйте тұра ел футболы үшін ең бастысы – осы мүмкіндікті барынша пайдалану.

Фото: Ашық дереккөзден