«Қайрат» клубының бұрынғы бас бапкері өмірден өтті
«Қайрат» футбол клубы академиясының жетекшісі, бұрын негізгі команданың бас бапкері болған Кирилл Кекер 46 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы футбол клубы хабарлап, Кекердің бүгін көз жұмғанын естіртті.
«Бұл – бүкіл клуб үшін орны толмас ауыр қайғы. Он жылдан астам уақыт бойы «Қайрат» жүйесінің маңызды бөлігі болып, қазақ футболының даму бағытын айқындауға үлес қосқан жанның қазасы бізді терең таңғалдырып, қайғыртып отыр. Кирилл Сергейұлы өз ісіне адал, талапшыл әрі әділ маман еді. Ол жас ойыншылардың мүмкіндігін ашып, ең жауапты сәттерде қолдау көрсете білді. Оның академияның, негізгі команданың және Қазақстан U19 құрамасының дамуына қосқан үлесін бағалау қиын», - деп жазылған хабарламада.
Клуб өкілдері Кекердің әр жылдары «Қайрат» құрылымында маңызды лауазымдарды атқарғанын атап өтті.
«2022-2024 жылдары ол негізгі команданы басқарды. 2025 жылы академияны жетекшілікке алып, Қазақстанның U-19 жасөспірімдер құрамасымен қатар жұмыс істеді. Осылайша жаңа буын футболшыларын тәрбиелеуді жалғастырды», - деп клуб тарапы.
Айта кетейік, Кирилл Кекер 2022 жылдың жазында «Қайраттың» бас бапкері болып тағайындалған еді. Оның жетекшілігімен алматылықтар 29 жеңіс, 15 тең ойын және 16 жеңіліс тіркеді. Сондай-ақ осы кезеңде клуб академиясының 13 түлегі негізгі құрамда дебют жасаған.
Фото: "Қайрат" ФК
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған