«Қайрат» Испания клубынан 10 секундта екі гол жіберді
Алматының «Қайрат» футзал клубы өз алаңында «Картахена» командасын қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Алматыда өткен тартысты кездесудің бірінші таймы тең дәрежеде өтіп, командалар үзіліске голсыз тарқасты. Екінші тайм бастала салысымен жанкүйерлер қуанышқа бөленді. 20-минутта қақпашы Вандесон шабуылға қосылып, дәл соққымен есеп ашты.
Алайда алматылықтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 25-минутта «Картахена» небәрі он секундтың ішінде екі рет мергендік танытты. Алдымен Дарио Хиль таразы басын теңестірсе, артынша Жуниньо испаниялық ұжымды алға шығарды. Қысқа уақыт ішіндегі осы қос гол матч тағдырын шешіп кетті –1:2.
Қарымта кездесу 7 наурыз күні Испанияда өтеді. Ойын Астана уақытымен 00:30-да басталады. Екі матчтың қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алатын команда анықталады.
Жартылай финалға шыққан төрт команда 8-10 мамыр аралығында Италияның Пезаро қаласында өтетін финалдық кезеңде бас қосады.
Айта кетейік, биыл турнир құрылымына өзгеріс енгізілді. Бұған дейінгі элиталық раундтың орнына 1/8 финал кезеңі қосылып, дәл осы сатыдан кейін ширек финал жұптары жасақталған.
Өткен маусымда «Қайрат» пен «Картахена» жартылай финалда кездесіп, қазақстандық клуб 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы испаниялықтар сырт алаңда қарымта қайтарды. Дегенмен, бір гол айырмашылығы алматылықтарға қарымта матчта жалпы есепте басым түсуге мүмкіндік қалдырады.
Фото: «Қайрат» клубының баспасөз қызметі
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған