Алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстан чемпионы қарымта кездесуде сырт алаңда Черногорияның «Сутьеска» клубын 2:0 есебімен жеңді. Никшич қаласында өткен матчта есеп 68-минутта ашылды. Исмаил Бекболат нәтижелі шабуылды сәтті аяқтап, «Қайратты» алға шығарды.
80-минутта Жоржиньо пенальтиден мүлт кетпей, алматылықтардың басымдығын еселей түсті.
Бұған дейін, 79-минутта «Сутьеска» қорғаушысы Андрия Разнатович қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған еді. Осылайша кездесудің соңғы минуттарын «Қайрат» сан басымдығымен өткізді.
Екі матчтың қорытындысы бойынша Рафаэль Уразбахтин шәкірттері қарсыласын 4:1 жалпы есебімен тізе бүктірді. Еске салсақ, Алматыда өткен алғашқы ойында қазақстандық клуб 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Енді Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» Кипрдің «Омония» клубымен кездеседі.
Фото: "Қайрат" ФК