«Қайрат» Чемпиондар лигасында үздік сегіздіктің қатарына қосылды
Алматының «Қайрат» футзал клубы UEFA Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы қарымта кездесуін сәтті өткізіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Алғашқы матчта Бельгияда «Спортинг-Андерлехтті» 7:3 есебімен айқын жеңген алматылықтар қарымта ойынды да өз бақылауында ұстай білді.
Ойынның 10-минутында Жахангир Рашит есеп ашып, «Қайратқа» басымдық сыйлады. Дегенмен бельгиялық команда 15 және 18-минуттарда екі гол соғып, матч қарқынын күшейтті.
Екінші таймда капитан Біржан Оразов тізгінді өз қолына алды. Ол 23 және 32-минуттарда дубль жасап, «Қайратты» қайта алға шығарды. 36-минутта Жоао Паоло қарсыластың қақпашысыз қалған сәтін тиімді пайдаланып, төртінші голды енгізді.
Матчтың 39-минутында «Андерлехт» есепті қысқартқанымен, көп ұзамай Аттирсон Силва соңғы нүктені қойып, қорытынды есепті белгіледі – 5:3.
Екі ойын қорытындысы бойынша «Қайрат» жалпы есепте ірі басымдықпен ширек финалға жолдама алды.
UEFA Чемпиондар лигасының келесі кезеңі 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өтеді. Ал финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында ұйымдастырылады, онда төрт мықты команда бас жүлдені сарапқа салады.
Фото: «Қайрат» футзал клубы
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған