Алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин командасының УЕФА Чемпиондар лигасындағы өнер көрсетуі Қазақстан футболының дамуына қалай әсер еткені жөнінде пікір білдірді, деп жазады malimsports.kz.
Бапкердің айтуынша, биылғы жыл қазақстандық футбол үшін тарихи кезеңге айналды.
«Өтіп бара жатқан жылды бүкіл Қазақстан футболы үшін тарихи деп атауға болады. Соңғы рет Чемпиондар лигасында „Астана“ он жыл бұрын ойнаған еді. Ал „Қайрат“ бұл кезеңге алғаш рет шықты. Бұл - клуб пен ел футболы үшін үлкен жетістік», - деді Уразбахтин.
Оның сөзінше, «Қайраттың» табысты ойыны елде футболға деген қызығушылықты қайта жандандырды.
«Біздің жетістігіміз Қазақстанды футболды қайта сүюге мәжбүр етті. Көп адам футболға бет бұрды, көптеген балалар жанкүйерге айналып, футболмен кәсіби айналысуды армандай бастады. Сонымен қатар „Қайрат“ Қазақстанда ғана емес, кем дегенде посткеңестік кеңістікте де танымал клубқа айналды», - деп атап өтті ол.
Рафаэль Уразбахтин елде нағыз футболдық серпіліс басталғанын айтып, қазір көптеген шенеуніктер жаңа стадиондар салуға ниетті екенін, ал мемлекет басшысы бизнес өкілдеріне футбол клубтарын жекеменшікке беру жөнінде тапсырма жүктегенін жеткізді.
«Бұл үдерістерге біздің жетістігіміз де ықпал етті. Біз Қазақстан футболы үшін жақсы іс атқардық», - деп қорытындылады «Қайрат» бас бапкері.
Фото: Ашық дереккөзден