Алматылық «Қайрат» футбол клубы 2026 жылғы маусым алдындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Команда 4 қаңтар күні таңертең Абу-Дабиге аттанып, 15 қаңтарға дейін дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жиынның басты мақсаты – ойыншыларды оңтайлы физикалық қалыпқа келтіру және алдағы ресми матчтарға сапалы дайындалу. Айта кетейік, 2 қаңтарда футболшылар үш апталық демалыстан кейін клуб базасына жиналып, бастапқы медициналық тексеруден өткен.
Абу-Дабидегі оқу-жаттығу жиыны аясында «Қайрат» екі бақылау матчін өткізеді:
9 қаңтарда – «Нефтчи»,
14 қаңтарда – «Вараждин».
Еске сала кетсек, 20 қаңтарда сары-қаралар Астанада бельгиялық «Брюгге» клубымен кездессе, 28 қаңтарда Лондонда УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі соңғы ойынын «Арсеналға» қарсы өткізеді.
Фото: "Қайрат" ФК