Португалия құрамасы алғаш рет 2026 жылғы ӘЧ іріктеуінде жеңілді
Португалияның ерлер құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде сырт алаңда Ирландиядан жеңіліп қалды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Командалар F тобының бесінші туры аясында кездесті. Матч Дублиндегі «Авиуа» стадионында өтіп, алаң иелерінің пайдасына 2:0 есебімен аяқталды. Екі голдың авторы - шабуылшы Трой Пэрротт (17 және 45 минуттар).
Екінші таймда Португалия футболшылары аз құрамда қалды. Қарсыластың айып алаңында болған эпизодта Криштиану Роналду бұрылып соққан сәтінде қорғаушы Дару О'Шиді шынтағымен арқа тұсынан ұрды. Бастапқыда бас төреші оған сары қағаз көрсеткен, алайда VAR арқылы эпизодты қайта қараған соң Роналдуды алаңнан шығаруға мәжбүр болды (59 минут).
Роналду бұл шешімді қол шапалақтап қарсы алды, кейін Ирландия бас бапкері Хеймир Хадльгримссонмен қысқаша сөйлесіп, алаңнан кетіп қалды. 40 жастағы шабуылшы ұлттық құраманың келесі ойынын жіберіп алады.
Бұл жеңіліс португалдықтар үшін іріктеудегі алғашқы сәтсіздік болды. Олар 10 ұпаймен топ көшін бастап тұр, алайда әлем чемпионатына тікелей жолдаманы әлі рәсімдей алған жоқ. Ирландия жеті ұпаймен үшінші орында, одан жоғарыда — сегіз ұпай жинаған Венгрия. Үш ұпайы бар Армения соңғы орынға жайғасқан және соңғы тур алдында 2026 жылғы ӘЧ-ке шығу мүмкіндігінен айырылды.
Фото: Ашық дереккөзден
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған