«Оқжетпес» соңғы минуттарда «Ұлытаудан» жеңісті жұлып алды
Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турында Көкшетауда нағыз драмаға толы матч өтті. Өз алаңында «Оқжетпес» жаңадан құрылған «Ұлытауды» қабылдап, тартысты кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Матч алдындағы жағдай екі команда үшін де ұқсас болды. Екеуі де маусымды сәтті бастап, екінші турда жеңісті уыстан шығарып алып, тең нәтижеге қанағаттанған еді. Турнир кестесінде қос клуб төрт ұпайдан жинап, төртінші және бесінші орындарды бөлісіп тұрған. Сондықтан бұл кездесу екі жақ үшін де аса маңызды болды.
Ойынның алғашқы таймы қауіпті сәттерге толы өтті. Қонақтар бірден алға шығып, «Оқжетпес» қорғанысына қысым жасады. Әсіресе айып алаңына бағытталған ұзын пастар арқылы бірнеше өткір мүмкіндік тудырды, алайда шешуші сәтте дәлдік жетіспеді.
Кездесудің 18-минутында алаң иелері қарымта шабуылды сәтті ұйымдастырды. Орталықтағы әдемі комбинациядан кейін доп Жансұлтан Мұхаметхановқа жетіп, ол оны Нұрғайни Бурибаевтың соққысына ыңғайлап тастады. Нәтижесінде Бурибаев айып алаңы сыртынан керемет соққы жасап, допты қақпаның дәл тоғыздығына тоғытты. Дмитрий Непогодов қанша тырысқанымен, бұл соққыны қайтара алмады – 1:0.
Айта кетерлігі, бұл «Ұлытаудың» осы маусымдағы алғашқы жіберген голы болды.
Бірінші таймның қосымша уақытында қонақтар таразы басын теңестірді. Артур Бугнонның жеке шеберлігі мен белсенділігінің арқасында шабуыл өрбіп, ол Хироки Харадаға пас шығарды. Жапониялық жартылай қорғаушы сәл ыңғайсыз допты өз пайдасына жаратып, Мирослав Лобанцев қақпасын дәл көздеді. Осылайша 45+4-минутта есеп 1:1 болды.
Екінші тайм алғашқы бөлікке қарағанда сабырлырақ өтті. Екі команда да допты бақылауға көбірек мән беріп, негізгі тартыс алаңның ортасына ойысты. Кездесу тең аяқталатындай көрінген.
Алайда «Оқжетпес» бұған келіскен жоқ. Қосымша уақыттың үшінші минутында алаң иелері соңғы шабуылын ұйымдастырды. Оң қапталдан допты қабылдаған Жансұлтан Мұхаметханов Арьен Роббенге тән мәнермен орталыққа қарай ойысып, екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға дәл соққы жасады. Бұл гол Көкшетау жанкүйерлерін дүр сілкіндіріп, командаға жеңіс сыйлады – 2:1.
Кездесу «Оқжетпес» стадионында өтті. Бас төреші қызметін атыраулық Руслан Сұлтанғалиев атқарды.
Фото: «Оқжетпес» клубының баспасөз қызметі
Ең көп оқылған