ОАР құрамасы визалық мәселеге тап болғанына қарамастан әлем чемпионатына аттанды
Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) футбол құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында туындаған визалық қиындықтарды еңсеріп, турнирге қатысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
31 мамыр күні команданың бірқатар ойыншылары мен делегация мүшелері АҚШ визаларын ала алмағандықтан, жоспарланған ұшу кейінге шегерілген болатын. Алайда сол күні кешке ОАР-дың спорт, өнер және мәдениет министрі Гэйтон Маккензи ұлттық құраманың барлық футболшылары АҚШ визаларын алғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бас бапкердің көмекшісі, команда дәрігері, қауіпсіздік қызметінің жетекшісі және бір талдаушы әлі де виза рәсімдеу жұмыстарын аяқтап жатыр. Соған қарамастан, құраманың чартерлік рейсі 1 маусым күні Мексикаға аттанды.
Бұған дейін визалық мәселелерге байланысты құраманың ұшуы кейінге шегерілген соң, Гэйтон Маккензи Оңтүстік Африка футбол қауымдастығын (SAFA) қатаң сынға алған болатын. Ол бұл жағдайды «ұят әрі әділетсіздік» деп бағалап, жауапты тұлғалардың әрекетіне қатысты арнайы есеп талап етті.
«Бұл бейберекетсіздікке жауапты адамдар тиісті жазасын алуы керек. Бізді күлкіге қалдырды», – деді министр.
Айта кетейік, ОАР құрамасы әлем чемпионатына 2010 жылдан бері алғаш рет қатысқалы отыр. Ол жылы елдің өзі дүниежүзілік додаға қожайын болған еді.
Әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын оңтүстікафрикалықтар 11 маусым күні Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында турнир қожайындарының бірі – Мексика құрамасына қарсы өткізеді.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Тарихта алғаш рет әлемдік додаға 48 ұлттық құрама қатысады.
ОАР құрамасы А тобында Мексика, Оңтүстік Корея және Чехия құрамаларымен бақ сынайды. Олар 18 маусым күні Атлантада Оңтүстік Кореямен, ал 24 маусым күні Мехикода Чехиямен кездеседі.
Фото: Ашық дереккөзден
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған