Қазақстандық қорғаушы, «Зенит» футбол клубының ойыншысы Нұралы Әліп 2025 жылды және РПЛ-2025/26 маусымының алғашқы бөлігін қорытындылап, клубтағы жағдайға баға берді, деп хабарлайды malimsports.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Футболшы жыл басында команда үшін қиындықтар болғанын, алайда маусым соңына қарай ойыншылардың біртіндеп бейімделіп, өз орындарына жақындай түскенін айтты.
Әліптің айтуынша, «Зенит» үшін 2025 жылды ең сәтті маусым деп айтуға болмайды, себебі команда чемпиондық атақты иелене алмады. Дегенмен алдағы 2026 жылға басты мақсат – маусым қорытындысы бойынша бірінші орын алу. «Зенитке» қарқын қосып, жанкүйерлерді жүлделермен қуанту қажет екенін атап өтті. Өзі үшін жыл сәтті өтті, ең бастысы – жарақатсыз өтті деп бағалады.
Сондай-ақ Нұралы Әліп жеке өміріндегі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, әр жыл адамды есейтіп, тәжірибелі етеді. Биыл ол сабырлы болуды үйреніп, бұрынғыдай аса эмоцияға берілмейтінін жеткізді. Бұл оның кәсіби дамуына оң әсер еткен.
Маусымның алғашқы бөлігін бес балдық жүйемен бағалауды сұрағанда, Нұралы Әліп «төрт» деген баға қойды. Айта кетейік, «Зенит» 2024/25 маусымында алты жыл қатарынан чемпион атанғаннан кейін екінші орынға тұрақтаған. Ал биылғы Ресей чемпионатында қысқы үзіліске дейін 18 матчта 39 ұпай жинап, көш бастап тұрған «Краснодардан» бір ұпайға ғана қалып, екінші орында тұр.
Фото: Ашық дереккөзден