Нидерланд құрамасының қорғаушысы жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыспайды
Лондондық «Арсенал» клубының және Нидерланд ұлттық құрамасының қорғаушысы Юрриен Тимбер жарақатына байланысты 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатыса алмайды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы құраманың баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Онда 24 жастағы футболшының шап тұсындағы жарақатынан толық айығып үлгермегені айтылған. Тимбер 8 маусым күні өтетін Өзбекстан құрамасына қарсы жолдастық кездесуден кейін ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетеді.
Оның орнына Англияның «Сандерленд» клубында өнер көрсететін қорғаушы Лютсхарел Гертрёйда шақырылды.
Өткен маусымда Тимбер «Арсенал» сапында барлық турнирде 44 матч өткізіп, 4 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Клубымен бірге Англия чемпионы атанды.
Бұған дейін қорғаушы маусымның соңғы бөлігінің басым бөлігін жарақатына байланысты өткізіп алған болатын. Ол алаңға тек Чемпиондар лигасының финалында Париждің ПСЖ клубына қарсы матчта (1:1, пенальти сериясында 3:4) қайта оралып, екінші таймда қосалқы құрамнан ойынға қосылған еді.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Нидерланд құрамасы F тобында өнер көрсетеді. Топтағы қарсыластары – Жапония, Швеция және Тунис құрамалары.
Фото: Ашық дереккөзден
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған