Нани «Ақтөбе» сапында алаңға шықты
Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында «Ақтөбе» футбол клубы кезекті бақылау кездесуін өткізді.
Қазақстандық командаға бұл жолы қарсылас ретінде Ресейдің «Уфа» клубы шықты. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған матчта «қызыл-ақтар» жеңіліске ұшырады.
Кездесудің ең маңызды оқиғасы – португалиялық жұлдыз Луиш Нанидің «Ақтөбе» құрамында алғаш рет алаңға шығуы болды. 39 жастағы тәжірибелі вингер клубқа 2026 жылдың 25 қаңтарында ресми түрде қосылып, 13 айлық үзілістен кейін кәсіби мансабын қайта жалғастырған еді.
Нани бұған дейін «Манчестер Юнайтед» сапында Англия чемпионатын 4 рет жеңіп, Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар ол Португалия құрамасымен Еуро-2016 турнирінде алтын медаль иеленген.
Ойын барысында бапкерлер штабы Наниді командаға біртіндеп бейімдеу мақсатында алаңға шығарды.
Алайда матч «Ақтөбе» үшін сәтсіз аяқталды. «Уфа» 4:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. «Ақтөбе» сапындағы жалғыз голды шабуылшы Артур Шушеначев соғып, маусым алдындағы ойындарда нәтижелі ойынын жалғастырып келеді.
Бұл кездесу «қызыл-ақтардың» бапкерлер штабы үшін қорғаныстағы қателіктерді талдап, сондай-ақ Нанидің ұзақ үзілістен кейінгі физикалық дайындығын бағалауға мүмкіндік берді.
Түркиядағы жиын әлі жалғасуда. Алдағы күндері «Ақтөбе» тағы бірнеше жолдастық матч өткізіп, ұлттық чемпионат басталар алдында тактикалық схемаларын пысықтайтын болады.
Фото: «Ақтөбе» баспасөз қызметі
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған