Меркель Қазақстан құрамасына оралуға ниет білдірді
Астананың «Жеңіс» клубының жартылай қорғаушысы Александр Меркель Қазақстан ұлттық құрамасына оралуы мүмкін екенін алға тартты, деп хабарлайды malimsports.kz.
1bol.kz-тің жазуынша, AmanVibe YouTube арнасына берген сұхбатында футболшы әзірге легионер ретінде тіркелетінін айтқан.
«Қазір легионер ретінде ойнаймын. Бірақ болашақта құжат мәселелерін шешіп, Қазақстан азаматтығын алғым келеді», - деді Меркель.
Футболшы Қазақстан төлқұжатын қайта алуға ниетті екенін де жасырмады.
«Ұлттық құрама сапында ойнағым келеді. Бірақ ең алдымен алаңда нәтижелі ойын көрсетіп, клубыма көмектесуім керек. Содан кейін ғана Қазақстан құрамасы деңгейінде ойнауға дайын екенімді дәлелдей аламын», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Александр Меркель бұған дейін Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен. Ол алғаш рет 2015 жылы Исландияға қарсы жолдастық матчқа шақырту алған. 2019 жылы бас бапкер Михал Билек оны Еуро-2020 іріктеу кезеңінде Шотландия және Ресей құрамаларына қарсы ойындарға шақырған. Алайда сол жылдың наурыз айынан кейін құжат мәселелеріне байланысты ұлттық командаға шақырту алған жоқ.
34 жастағы Алматы тумасы кәсіби мансабында «Милан», «Удинезе», «Дженоа», «Уотфорд», «Хераклес», «Газиантеп» секілді еуропалық клубтарда ойнаған. Сонымен қатар Иран, Сауд Арабиясы және БАӘ чемпионаттарында да өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы сапында үш матч өткізген.
Фото: Қазақстан футбол федерациясы
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған