457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Мексика президенті әлем чемпионатының ашылу рәсімінің қауіпсіз өтетініне кепілдік берді

Мексикалық мұғалімдер жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп, ереуіл жариялаған болатын.

Мексика президенті мұғалімдердің наразылығына қарамастан әлем чемпионатының ашылу салтанаты тыныш өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz

Мексикалық мұғалімдер жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп, ереуіл жариялап, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу рәсімін өткізуге кедергі келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Мексика президенті Клаудия Шейнбаум үкіметтің арандатушылыққа жол бермейтінін айтты.

Президент Клаудия Шейнбаум баспасөз мәслихатында мұғалімдердің жаппай наразылық акциялары туралы ескертулеріне қарамастан, футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты бейбіт әрі қауіпсіз жағдайда өтетінін мәлімдеді.

«Бізді арандатқысы келетін топтар бар, олардың бәрі бірдей мұғалімдер емес. Олардың мақсаты – биліктің күш қолдануына себеп табу. Мен мұны ашық айтып отырмын. Олар әлем чемпионатының ашылуы қарсаңында халықаралық ақпарат құралдарында “Мексика үкіметі мұғалімдерді қудалап жатыр” деген тақырыптағы жаңалықтардың тарағанын қалайды. Бірақ бұған жол берілмейді. Сонымен қатар әлем чемпионатының ашылу салтанаты бейбіт әрі жоғары деңгейде өтетініне кепілдік береміз», - деп келтіреді президенттің сөзін Milenio басылымы.

Соңғы күндері Мексикада бірқатар ереуілдер мен наразылық акциялары өтіп жатыр. Оған Ұлттық білім қызметкерлерін үйлестіру кеңесінің (CNTE) құрамындағы 10 мыңнан астам мұғалім қатысуда. Олар жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп, үкіметпен келісімге қол жеткізілгенге дейін күресті жалғастыратынын мәлімдеді.

Наразылық білдірушілер 11 маусымнан бастап бүкіл ел бойынша ереуіл ұйымдастыратынын ескертті. Дәл осы күні әлем чемпионатының ашылу матчында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездеседі. CNTE жетекшілері ел астанасына миллиондаған мұғалімді жұмылдыруға дайын екенін айтып, әлем чемпионатына бойкот жариялауға шақырды.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу матчы 11 маусым күні Мехико қаласындағы «Ацтека» стадионында өтеді. Онда Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасы құрамасымен кездеседі.

Турнир тарихта алғаш рет бірден үш елде – Мексикада, АҚШ-та және Канадада ұйымдастырылады. Әлем чемпионаты 19 шілдеде аяқталады.

Фото: Getty Images