Мбаппе мен Винисиус қазақ баласының арманын орындады

Мадридтік «Реалдың» жұлдызды футболшылары Алматыға келген сәтте Санжар есімді мүмкіндігі шектеулі балақайдың арманын жүзеге асырды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Команда жаттығу алдында арбаға таңулы бүлдіршіннің жейдесіне қолтаңба қойып, суретке түсіп, балаға үлкен қуаныш сыйлады.
«Бұл сәт оның өмірінде мәңгі сақталады»
«Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында осы оқиғаның видеосын жариялап, әсерлі жазба қалдырды:
«Бүгін мен өзінің сүйікті командасын, әсіресе Килиан Мбаппені көруді көптен бері армандаған Санжарды «Реал Мадрид» жаттығуына шақырдым. Санжар өзінің кумирімен кездесіп қана қоймай, бүкіл командамен жүздесті. Ойыншылар оны жылы қарсы алып, қолтаңба беріп, естелікке суретке түсті. Бұл сәт бала үшін өмір бойы есте қалады».
Әлеуметтік жауапкершілік пен қолжетімді спорт
Қайрат Боранбаевтың айтуынша, «Қайрат» клубы спорттың барлық адамға қолжетімді болуы үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы матчта жанкүйерлер қатарында пара-спортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да болады.
«Футбол және маңызды оқиғалар баршаға ашық болуы керек. Бұл – біздің миссиямыздың бір бөлігі. Спорт арқылы ешкім өзін шеттетілген сезінбейтін орта қалыптастыра алатынымызға қуаныштымын», – деді ол.
Еске салайық, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездеседі. Ойын Астана уақыты бойынша сағат 21:45-те басталады.
Фото: Видеодан скрин


Ең көп оқылған
