«Манчестер Юнайтед» жаңа бас бапкерімен өткен алғашқы матчта жеңіске жетті
Ағылшын Премьер-лигасының (АПЛ) 22-турында «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Манчестер Ситиді» 2:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесудің екінші таймында «қызыл сойқандардың» басымдығы айқын байқалды. 65-минутта есепті Брайан Мбемо ашса, 76-минутта Патрик Доргу жеңісті голды соқты.
Бұл матч «Манчестер Юнайтед» үшін жаңа бас бапкер Майкл Каррик жетекшілік еткен алғашқы ойын болды. Еске сала кетейік, 5 қаңтарда клуб Рубен Амориммен келісімшартты тоқтатқан еді. Одан кейін уақытша міндетті Даррен Флетчер атқарып, 13 қаңтарда Каррик маусым соңына дейін бас бапкер болып тағайындалды.
Айта кету керек, бірінші айналымда «МЮ» «Манчестер Ситиге» 0:3 есебімен жол берген болатын.
Ал бұл жеңіліс «Манчестер Сити» үшін 22 қарашадан бергі АПЛ-дегі алғашқы сәтсіздік болды. Сол кезде команда 12-турда «Ньюкаслдан» 1:2 есебімен ұтылған еді.
Осы жеңістен кейін «Манчестер Юнайтед» турнир кестесінде 35 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. «Манчестер Сити» 43 ұпаймен екінші орында қалды. Көш басында – 49 ұпайы бар «Арсенал».
Келесі турда 25 қаңтар күні «Манчестер Юнайтед» сырт алаңда «Арсеналмен» кездессе, «Манчестер Сити» бір күн бұрын өз алаңында «Вулверхэмптонды» қабылдайды.
Фото: Global Look Press
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған