«Манчестер Юнайтед» капитаны Роналдудың рекордын қайталады
«Манчестер Юнайтед» клубының капитаны Бруну Фернандеш Англия Премьер-лигасында наурыз айының үздік ойыншысы атанды. Бұл туралы турнирдің ресми сайты хабарлады, деп жазады malimsports.kz.
Наурыз айында команда төрт матч өткізді. Осы ойындарда Фернандеш 2 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Атап айтқанда, ол «Кристал Пэласқа» қарсы кездесуде (2:1) гол соғып, ассист жасады, «Ньюкаслмен» ойында (1:2) нәтижелі пас берді, «Астон Виллаға» қарсы матчта (3:1) екі нәтижелі пас тіркеді және «Борнмутпен» кездесуде (2:2) пенальтиден гол соқты.
31 жастағы португалиялық футболшы бұл жүлдені мансабында алтыншы рет жеңіп алды. Осылайша, ол бұрынғы командаласы Криштиану Роналдудың көрсеткішіне теңесті.
Қазір Фернандеш бұл көрсеткіш бойынша тек үш ойыншыдан ғана қалып келеді. Олар — Серхио Агуэро, Харри Кейн және Мохамед Салах (әрқайсысында 7 жүлдеден).
Сонымен қатар, Фернандеш осы маусымдағы нәтижелі пастар санын 16-ға жеткізіп, клуб рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд (15 ассист) 2000 жылдан бері Дэвид Бекхэмге тиесілі болған.
Енді ол Премьер-лигадағы бір маусымдағы ассист рекордына (20 пас) жақындап қалды. Бұл көрсеткіш Тьерри Анри (2002/03) мен Кевин де Брюйне (2019/20) еншісінде.
Айта кетейік, Фернандеш - осы маусымда «Манчестер Юнайтед» сапынан айдың үздік ойыншысы атанған екінші футболшы. Бұған дейін бұл жүлдені 2025 жылдың қазанында Брайан Мбемо жеңіп алған.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған