«Манчестер Сити» Норвегиядағы матчқа барған жанкүйерлеріне билет ақысын қайтарады
Англияның «Манчестер Сити» футбол клубының ойыншылары Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде норвегиялық «Будё-Глимтке» қарсы өткен қонақтық матчқа барған жанкүйерлеріне билет құнын толық өтейді. Бұл туралы Би-би-си агенттігіне клуб капитаны Бернарду Силва, сондай-ақ оның орынбасарлары Рубен Диаш, Родри және Эрлинг Холанд бүкіл команда атынан мәлімдеді, деп жазады malimsports.kz.
«Біз жанкүйерлеріміздің бізді қолдау үшін әлемнің түкпір-түкпіріне сапар шегіп, қандай құрбандықтарға баратынын жақсы түсінеміз. Мұны ешқашан қалыпты жағдай ретінде қабылдамаймыз. Будё қаласына келген жанкүйерлерге билет ақысын қайтару — біздің қолымыздан келетін ең аз өтем», - деп жазылған ойыншылардың үндеуінде.
Футболшылар 374 жанкүйердің билет құнын өтейді. Бір билет бағасы 25 фунт стерлинг, ал жалпы өтемақы сомасы шамамен 9357 фунтты құрайды.
Айта кетейік, матч Норвегияның Будё қаласында, яғни Солтүстік поляр шеңберінің ар жағында өтті. Кездесу қожайындар пайдасына 3:1 есебімен аяқталды.
«Будё-Глимт» бұл ойынға дейін халықаралық турнирлерде шамамен бір жарым ай бойы матч өткізбеген. Команданың соңғы ойыны 10 желтоқсанда дортмундтық «Боруссияға» қарсы өткен.
Норвегиялық клубтың қақпасын ресейлік қақпашы Никита Хайкин қорғады. Ол 2025 жылдың қараша айында 2026 жылғы әлем чемпионатында Норвегия құрамасы сапында ойнағысы келетінін мәлімдеген болатын.
Қазіргі таңда «Манчестер Сити» УЕФА Чемпиондар лигасының турнирлік кестесінде 7-орында тұр. Жеті ойыннан кейін команда еншісінде 13 ұпай бар. Келесі матчты ағылшындық клуб 28 қаңтар күні Түркияның «Галатасарай» командасына қарсы өткізеді.
Фото: Getty Images
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған