Магомед Адиев «Ақтөбе» бапкері болмауы мүмкін
Самараның «Крылья Советов» клубының директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Яковлев бас бапкер Магомед Адиевтің «Ақтөбе» клубымен келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Яковлевтің айтуынша, Ресей чемпионатының маусымы қызған шақта, көптеген командалар үшін әрбір ойынның маңызы артып отыр және «Крылья Советов» та бұл қатардан тыс емес.
«Қазіргі таңда команда мен бапкерлер штабы біз үшін қиын өткен ойындардан кейін қысқа демалыста. Көп күш жұмсалған матчтардан соң бұл – жоспарланған үзіліс. Кейбір алыпқашпа әңгімелерге қарамастан, 27 наурыз күні команда базаға жиналып, алдағы кездесулерге бас бапкер Магомед Адиевтің жетекшілігімен дайындықты жалғастырады. Біз бапкерімізге басқа клубтардың да қызығушылық танытып, тиімді ұсыныстар жасауға дайын екенін құптаймыз. Алайда қазіргі сәтте ол «Крылья Советов» клубында жұмысын жалғастырады, - деді Яковлев клубтың баспасөз қызметіне.
Бұған дейін Магомед Адиевтің «Ақтөбе» клубымен келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған еді. Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері бұл ақпаратты өзі де растаған.
Фото: Чемпионат
Ең көп оқылған