Луиш Нани ҚПЛ-дегі алғашқы матчында ассист жасады
Португалиялық жартылай қорғаушы Луиш Нани Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы ойынында нәтижелі әрекетімен көзге түсті.
ҚПЛ-2026 маусымының алғашқы турында «Ақтөбе» Түркістанда қостанайлық «Тобылды» қабылдап, сенімді жеңіске жетті – 4:1.
Кездесу «Түркістан Арена» стадионында өтті. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ ақтөбеліктер алаңдағы басымдықты өз қолына алып, қарсылас қақпасына жиі шабуыл ұйымдастырды.
Есеп 24-минутта ашылды. Даниэль Соса айып алаңына бағытталған пасты дәл аяқтап, «Ақтөбені» алға шығарды.
Бірінші таймның ортасына қарай «Тобыл» есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Ақтөбелік қорғаушы Иван Ордец өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі. Алайда Луис Герраның соққысын қақпашы Александр Заруцкий қайтарып, командасын голдан құтқарды.
39-минутта «Тобыл» ойыншысы Максим Мякиш қызыл қағаз алып, қонақтар алаңда он ойыншымен қалды.
Екінші тайм басталысымен алаң иелері есепті ұлғайтты. 46-минутта Айдин Зелькович қақпашымен бетпе-бет шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді – 2:0.
68-минутта Тимур Досмағамбетов алыстан дәл соққы жасап, есепті 3:0-ге жеткізді.
71-минутта алаңға португалиялық жұлдыз Луиш Нани шықты. Араға небәрі үш минут салып, ол нәтижелі пас беріп, Иван Ордецтің гол соғуына мүмкіндік жасады. Осылайша Нани Қазақстан чемпионатындағы алғашқы ассистін тіркеді.
Оған дейін, 72-минутта қонақтар сапынан Жаслан Жұмашев бір голмен жауап қайырып, есеп айырмасын қысқартқан еді. Дегенмен, 74-минутта Ордец Нанидің пасынан кейін гол соғып, матчтағы соңғы нүктені қойды.
Осылайша, «Ақтөбе» жаңа маусымды сенімді жеңіспен бастап, алғашқы үш ұпайына ие болды.
ҚПЛ-2026. 1-тур
«Ақтөбе» – «Тобыл» 4:1
Голдар:
Соса, 24 (1:0),
Зелькович, 46 (2:0),
Досмағамбетов, 68 (3:0),
Жұмашев, 72 (3:1),
Ордец, 74 (4:1).
Қызыл қағаз: Мякиш, 39 («Тобыл»).
Фото: "Ақтөбе" клубының баспасөз қызметі
Ең көп оқылған