«Ливерпуль» жаңа бас бапкерін таныстырды
«Ливерпуль» клубы Андони Ираоланың команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, испаниялық маманмен жасалған келісімшарттың мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
43 жастағы Андони Ираола бұл қызметте нидерландтық маман Арне Слоттың орнын басып отыр. Арне Слот команданы 2024 жылдың жазынан бері жаттықтырған болатын. Оның жетекшілігімен «Ливерпуль» алғашқы маусымында Англия чемпионатын жеңіп алған еді. Алайда 2025/26 жылғы маусымда команда Англия Премьер-лигасында небәрі бесінші орынға тұрақтап, Чемпиондар лигасында ширек финал кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды.
Ираола 2023 жылдан бастап Англияның «Борнмут» клубын басқарды. Ол 2025/26 жылғы маусым аяқталғаннан кейін клубтан кетті. Оның жетекшілігімен «Борнмут» Англия чемпионатында алтыншы орын алып, клуб тарихында алғаш рет еурокубоктарға жолдама жеңіп алды. Команда келесі маусымда Еуропа лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетеді.
Бұған дейін Андони Ираола Кипрдің АЕК клубын жаттықтырып, командамен бірге Кипр Суперкубогын жеңіп алған. Сондай-ақ ол Испанияның «Мирандес» және «Райо Вальекано» клубтарында бас бапкер қызметін атқарған.
Фото: Getty Images
ӘЧ-2026: Ирак шабуылшысы АҚШ әуежайында жеті сағат бойы тексерістен өтті
Ең көп оқылған