«Ливерпуль» 80 миллион еуролық трансфер дайындап жатыр
Англиялық «Ливерпуль» клубы «Ноттингем Форесттің» қорғаушысы Муриллоны сатып алуға шамамен 80 миллион еуро көлемінде ұсыныс жасауға дайындалып жатыр. Бұл туралы TEAMtalk басылымы жазды.
23 жастағы бразилиялық орталық қорғаушы Англия премьер-лигасындағы ең перспективалы футболшылардың бірі саналады. Ол Бразилияның «Коринтианс» клубының түлегі. Негізгі команда сапында 2023 жылдың сәуірінде дебют жасап, барлығы 27 матч өткізген. Сол жылдың тамыз айында «Ноттингем Форест» клубы оны 12 миллион еуроға сатып алған.
Англияға ауысқаннан кейін Мурилло команда құрамында тез бейімделіп, қорғаныстың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Қорғаушы жоғары жылдамдығымен, физикалық қуатымен және допты жақсы бақылауымен ерекшеленеді. Бұл қасиеттер оған шабуылды қорғаныстан бастап ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөздердің мәліметінше, «Ливерпульдің» бас бапкері Арне Слот бразилиялық футболшыны жазғы трансферлік кезеңдегі басты мақсаттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Клубта оны команда капитаны Вирджил ван Дейктің болашақтағы ізбасары ретінде көреді. Қазіргі таңда нидерландтық қорғаушы 34 жаста.
Сонымен қатар Муриллоға «Манчестер Юнайтед» те қызығушылық танытып отыр. Бұған дейін манчестерлік клуб ойыншының трансфері бойынша келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған.
Айта кетейік, қорғаушы үшін премьер-лиганың тағы бірнеше клубы, соның ішінде «Челси» де таласуы мүмкін. Егер клубтардың бірі 60–70 миллион фунт көлемінде ұсыныс жасаса, трансфер жазда жүзеге асуы ықтимал.
Сондай-ақ «Ноттингем Форест» чемпионшипке түсіп қалса, Муриллоның клубтан кету ықтималдығы айтарлықтай арта түседі.
Фото: ©Depositphotos/operations@newsimages.co.uk
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған