38 жастағы аргентиналық футболшы «Интер Майами» сапында 28 матч өткізіп, 29 гол соғып, 16 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткішпен ол біріншіліктің үздік сұрмергені атанып отыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Маусымның шешуші турында «Нэшвиллге» қарсы өткен кездесуде (5:2) Месси хет-трик жасап, тағы бір голға пас берді. Чемпионат қорытындысы бойынша «Интер Майами» 65 ұпаймен Шығыс конференциясында үшінші орынды иеленіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал «Нэшвилл» 54 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады.
Месси америкалық клубқа 2023 жылы ауысқан болатын. Оның келісімшарты 2025 жылдың соңына дейін жарамды. Бұған дейін ол ПСЖ және «Барселона» сапында өнер көрсетіп, әлемдік футболдың аңызына айналды.
Айта кетейік, Месси — тарихтағы ең көп «Алтын доп» иеленген футболшы. Ол бұл марапатты 8 мәрте жеңіп алған.
©x.com/intermiamicf