Италия футболындағы дағы дағдарыс: Буффон мен Гравина қызметінен кетті
Италия құрамасының бұрынғы қақпашысы Джанлуиджи Буффон команда 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеуде жеңіліс тапқаннан кейін ұлттық құраманың делегация басшысы қызметінен кетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Буффон бұл шешімін өзінің Instagram парақшасында жариялады. Ол Италия құрамасы Босния және Герцеговинадан плей-офф кезеңінің финалында жеңіліп, 2026 жылғы әлем чемпионатына өте алмағаннан кейін қызметінен кететінін мәлімдеді.
«Енді президент Гравина қызметінен кету туралы шешім қабылдаған соң, мен де өзімді дұрыс деп санаған қадамды жасауға құқылымын деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз — Италияны әлем чемпионатына қайта шығару еді. Бірақ бұл мақсатқа жете алмадық. Сондықтан бізден кейін келетіндерге бұл қызметке ең лайықты адамды таңдау мүмкіндігін беру әділетті болады», - деп жазды Буффон.
Бұған дейін Италия футбол федерациясының президенті Габриэле Гравина да қызметінен кеткенін жариялаған.
Екі басшының да отставкасына 31 наурыз күні Босния және Герцеговинаға қарсы плей-офф финалындағы жеңіліс (негізгі уақытта 1:1, пенальтиде 1:4) себеп болды. Төрт дүркін әлем чемпионы саналатын Италия құрамасы үшін бұл қатарынан үшінші рет әлем чемпионатына қатыса алмау болды (бұған дейін 2018 және 2022 жылдары да өте алмаған).
48 жастағы Буффон 2023 жылдан бері ұлттық құраманың делегация басшысы қызметін атқарып келген.
Италия құрамасының сапында қақпашы ретінде Буффон 176 матч өткізген. Ол - ұлттық құрама тарихындағы ең көп ойын өткізген футболшы. 2006 жылы командамен бірге әлем чемпионы атанған.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған