«Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде албаниялық «Динамо Ситиден» (1:4) жеңілген қарымта матчтан кейін ойынға, төреші шешімдеріне, матчтарды кейінге қалдыру мәселесіне және клубтағы қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бапкердің айтуынша, қиындықтар матч басталмай тұрып-ақ туындаған.
Ойынды талдау өте қиын. Башич матч алдында өзін жайсыз сезінді. Соған қарамастан, оны негізгі құрамға шығардық. Бірақ бірінші таймда-ақ оның толық дайын емес екені байқалды. Сол себепті үзілісте ауыстыруға мәжбүр болдық. Бірінші тайм толық біздің бақылауымызда өтті. Гол соқтық, одан бөлек тағы екі-үш айқын мүмкіндік болды. Еурокубок деңгейінде мұндай сәттерді міндетті түрде голға айналдыру қажет.
Оның сөзінше, ойын тағдырын қызыл қағаз бен пенальти шешіп кетті.
Екінші таймда қызыл қағаз бен пенальти кездесудің бағытын түбегейлі өзгертті. Біз шамамен 70 минут бойы бір ойыншы кем өнер көрсетіп, жағдайды түзетуге тырыстық. Бірақ Еуропада мұндай қателіктер кешірілмейді. Басмановтың қақпашымен жеке шыққан сәті болды, тағы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырдық. Егер сол мүмкіндіктердің бірін пайдалансақ, матчты пенальтилер сериясына дейін жеткізуге болатын еді.
Григорий Бабаян күнтізбедегі ойындарды ауыстыру оңай шешілетін мәселе емес екенін айтты.
Барлық матчты кейінге қалдыру мүмкін емес. Бұрын біз ойындарды ауыстырғанда көп сын айтылатын. Қазір басқа клубтар да дәл сондай шешім қабылдап жатыр, бірақ оған ешкім қарсы емес.
Бабаян клубтағы қаржылық мәселелердің де командаға әсер еткенін жасырмады.
Әрине, қазіргі жағдай оңай емес. Егер барлық қаржылық мәселелер бұған дейін шешілгенде, нәтиже де басқаша болуы мүмкін еді. Бірақ қазір оны айтқаннан ештеңе өзгермейді.
Бапкердің айтуынша, команда енді ішкі біріншілікке толық көңіл бөледі.
Біздің басты міндет – келесі маусымда қайтадан Еуропа додаларына жолдама алу. Алдымызда төрт маңызды ай бар. Чемпионатта үздік үштікке енуіміз керек. Футболшылар мұны жақсы түсінеді.
Фото: "Астана" ФК