Гиорги Зария мансабын «Ақтөбеде» жалғастырады
Грузиялық жартылай қорғаушы Гиорги Зария ресми түрде «Ақтөбе» клубының ойыншысы атанды, деп хабарлайды malimsports.kz.
geo__team инстаграм арнасының мәліметінше, тараптар 2026 жылдың соңына дейін келісімшарт жасасты.
Қазақстандық жанкүйерлерге футболшы «Қайрат» сапындағы ойынымен жақсы таныс. Алматы клубында өнер көрсеткен кезеңде Зария 59 матчқа қатысып, 16 гол соғып, 11 нәтижелі пас авторы болды.
Грузиялық футболшы Қазақстандағы мансабында екі рет ел чемпионы атанып (2024, 2025), сондай-ақ Қазақстан Суперкубогын жеңіп алған. Әсіресе, 2024 жылғы маусымда ол шешуші рөл атқарып, соңғы турда «Атырауға» қарсы кездесуде жеңіс голын соққан еді.
Зария бұған дейін Грузияның жетекші клубтары – «Динамо» Тбилиси мен «Динамо» Батуми сапында өнер көрсетіп, бес мәрте ел чемпионы атанған. Сонымен қатар оның еншісінде Грузия кубогы мен Суперкубогы да бар.
Фото: geo__team
Ең көп оқылған