Мәзір
Футбол

Гиорги Зариа «Қайраттан» кетті

Сабина Асқарқызы 81 қаралым
Гиорги Зариа «Қайраттан» кетті

Алматының «Қайрат» футбол клубы грузиялық жартылай қорғаушы Гиорги Зариа командадан кеткенін ресми түрде хабарлады.

28 жастағы футболшы алматылық ұжымдағы өнерін келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты аяқтады.

Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, Зариа «Қайрат» сапына 2024 жылдың басында қосылып, маусым алдындағы дайындық кезінде-ақ өзін бірден көрсете білді. Алғашқы ресми матчында жеңіс әкелген гол соққан ойыншы 2024 жылғы маусымды жоғары деңгейде өткізді.

Сол маусымда ол 30 матчта 15 нәтижелі әрекетке (гол+пас) қатысып, Қазақстан Премьер-лигасы бойынша үздік жартылай қорғаушы атанды. Чемпионаттың соңғы турында «Атырау» командасына қарсы кездесуде жалғыз әрі шешуші гол соғып, «Қайратқа» чемпиондық титул алып берді.

2025 жылғы маусымда да Гиорги Зариа команда жетістігіне зор үлес қосты. Ол «Қайраттың» ел чемпионы атануына, Қазақстан Суперкубогын жеңіп алуына және УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіне шығуына көмектесті.

«Қайрат» сапында Зариа жалпы 59 матч өткізіп, 16 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді.

Клуб Гиорги Зариаға жарқын ойыны мен команданың жетістіктеріне қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтып, алдағы мансабына сәттілік тіледі.

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар