Ғалымжан Кенжебектің бенефисіне айналған матч
Қазақстан құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынын Лихтенштейнге қарсы өткізіп, сенімді жеңіске жетті.
Матч 4:0 есебімен аяқталып, бұл кездесудің басты кейіпкері - Ғалымжан Кенжебек болды.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қазақстандықтар қарсыласына қысым көрсетті. 26-минутта Ғалымжан Кенжебек алыстан керемет соққы жасап, есеп ашты. Араға екі минут салып, ол Бахтиёр Зайнутдиновке әдемі пас шығарып, командаласына екінші гол соғуға мүмкіндік берді.
Бірінші тайм соңында Лихтенштейн ойыншылары есепті қысқартуға шақ қалғанымен, Әлібек Қасым қақпа сызығынан допты шығарып, қақпаны аман сақтап қалды.
Екінші таймда да Қазақстан құрамасы толық үстемдік танытты. 59-минутта Ғалымжан Кенжебек тағы да дәл соққымен мергендігін көрсетті. Ал 81-минутта Әлібек Қасым есепті еселеп, ойынның қорытынды нүктесін қойды - 4:0.
Осылайша Қазақстан құрамасы үш матч қатарынан жеңіліс тапқан сериясын тоқтатты.
Келесі ойын 13 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македония құрамасына қарсы өтеді.
Фото: Нұрғали Жұмағазы
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған