Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңі негізгі раундының жеребесінде бірінші себетке енді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Негізгі раундтың жеребе тарту рәсімі 2026 жылғы 19 маусымда УЕФА-ның Ньондағы штаб-пәтерінде өтеді.
Негізгі кезеңде барлығы 36 құрама бақ сынайды. Олар үш командадан 12 топқа бөлінеді. Матчтар өз алаңында және қонақта ұйымдастырылады. УЕФА-ның футзалдан ерлер арасындағы ұлттық құрамалар рейтингіне сәйкес, Қазақстан Португалия, Испания, Украина, Франция, Хорватия, Италия, Армения, Словения, Чехия, Польша және Нидерланды елдерімен бірге бірінші себетке жайғасты.
Екінші себетке Венгрия, Беларусь, Грузия, Бельгия, Словакия, Финляндия, Сербия, Румыния, Босния және Герцеговина, Молдова, Германия және Әзербайжан енді. Үшінші себетте алдын ала іріктеу кезеңінен өткен командалар ұсынылған: Латвия, Швеция, Солтүстік Македония, Косово, Андорра, Черногория, Норвегия, Литва, Дания, Албания, Эстония және Солтүстік Ирландия.
Негізгі раундтың ойындары мынадай мерзімдерде жоспарланған: 2026 жылғы 12-21 қазан, 2-11 қараша, 6-9 желтоқсан және 2027 жылғы 22 ақпан - 3 наурыз аралығы.
Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған ең үздік төрт команда іріктеудің элиталық раундына жолдама алады. Екінші орын алған қалған сегіз құрама негізгі раундтың плей-офф кезеңінде күресті жалғастырады.
Фото: ҚФФ
Футзалдан Қазақстан құрамасы ӘЧ-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде бірінші себетке түсті
Ең көп оқылған