Футзал: Испания құрамасы сегізінші рет Еуропа чемпионы болды
Ерлер арасындағы Испанияның футзал құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатында жеңіске жетіп, құрлық біріншілігінің сегіз дүркін чемпионы атанды.
Осылайша испандықтар өз рекордын жаңартып, ең көп чемпиондық атаққа ие команда ретінде тарихта қалды.
ЕУРО-2026 турнирі Латвия, Литва және Словения елдерінде өтті. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Италиядан плей-офф жолдамасы үшін өткен өтпелі матчтарда жеңіліп, чемпионатқа қатыса алмады.
Испандықтар турнир барысында бірде-бір рет ұтылмай, барлық кездесуде жеңіске жетті. Топтық кезеңде олар:
Словенияны – 4:1
Беларусьті – 2:0
Бельгияны – 10:3 есебімен ұтты.
Ширек финалда Испания Италияны 4:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Хорватиядан 2:1 есебімен басым түсті.
Финалда Испания құрамасы Португалиямен кездесіп, тартысты матчта 5:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойын 7 ақпанда Любляна қаласында өтті.
Матчтың басты қаһарманы – «Барселона» ойыншысы Антонио Перес. Ол финалда хет-трик жасап, турнирде жалпы 7 гол соғып, үздік сұрмерген атанды (Франция ойыншысы Сухейль Мухудинмен бірге).
Испания құрамасы Еуропа чемпионы атағын 8-рет жеңіп алып отыр және бұл жетістікке олар 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізді. Ал 2020 және 2024 жылдары чемпиондық титулды Португалия иеленген еді.
Үшінші орын үшін болған матчта Хорватия мен Франция негізгі және қосымша уақытта 5:5 есебімен тең түсті. Пенальти сериясында хорваттар 6:5 есебімен жеңіп, тарихта алғаш рет Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды.
ЕУРО-2026 ФУТЗАЛ. Финал (7 ақпан)
Испания – Португалия 5:3 (3:2).
Фото: Chris Ricco/UEFA via Getty Images
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған