ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Бердалиннің 79 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды malimsports.kz. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы мәлімдеді.
Қарағанды футболының түлегі Серік Бердалин «Шахтёр» және «Металлург/Строитель» командаларында ойнаған. Спорттық мансабын аяқтаған соң, «Шахтёр», «Ертіс» және «Жетісу» сынды бірқатар қазақстандық клубта бапкерлік әрі басшылық қызметтерді атқарды. Серік Бердалиннің жетекшілігімен «Шахтёр» (1995) мен «Ертіс» (1998) Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
1995-1997 жылдары Серік Сәрсембайұлы Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды, ал 2003-2008 жылдары Қазақстанның Туризм және спорт агенттігінде футбол бойынша мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды. Серік Бердалин – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері, сондай-ақ 1995 жылғы елдің үздік футбол жаттықтырушысы атағының иегері.
Фото: ҚФФ