Футболдан Португалия құрамасына 72 жастағы маман бас бапкер болып тағайындалды
Португалия футбол федерациясы ұлттық құраманың жаңа бас бапкері ретінде Жорже Жезушті ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды malimsports.kz.
24 шілдеде 72 жасқа толатын португалиялық маман бұл қызметте Роберто Мартинестің орнын басты. Испаниялық бапкер Португалия құрамасын 2023 жылдан бері жаттықтырып келген болатын. Алайда 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында команда жарыстан шығып қалғаннан кейін қызметінен кетті.
Ұлттық құраманың ресми Instagram парақшасында: «Жаңа сапар бүгін басталады. Ұлттық құрамаға қош келдіңіз, Жорже Жезуш!» деген жазба жарияланды.
Жорже Жезуштің соңғы жұмыс орны Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы болды. Оның жетекшілігімен команда 2025/26 жылғы маусымда ел чемпионы атанды. Бұл клуб сапындағы Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду үшін алғашқы чемпиондық атақ болды.
41 жастағы шабуылшы әлем чемпионатынан кейін 2026 жылғы мундиаль өзінің соңғы әлем біріншілігі болғанын мәлімдеді. Дегенмен ол әзірге Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде жариялаған жоқ.
Жорже Жезуш үшін бұл ұлттық құраманы жаттықтырудағы алғашқы тәжірибе болмақ. Бұған дейін ол клубтық деңгейде Португалияның «Брага», «Бенфика», «Спортинг», Сауд Арабиясының «Әл-Хиляль» және «Әл-Наср», Бразилияның «Фламенго», сондай-ақ Түркияның «Фенербахче» клубтарында бас бапкер қызметін атқарған.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған