Футболдан Италия құрамасының бас бапкері қызметінен кетті
Италия құрамасының бас бапкері Дженнаро Гаттузо 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеуден өте алмағаннан кейін қызметінен кетті. Бұл туралы Италия футбол федерациясының (FIGC) ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Гаттузо ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне 2025 жылдың жазында тағайындалған болатын. Ол бұл қызметте Лучано Спаллеттидің орнын басқан еді. Алайда команда әлем чемпионатына жолдама ала алмаған соң, тараптар келісімшартты өзара келісім бойынша бұзды.
«Алдымызға қойған мақсатқа жете алмағанымыз жүрегіме ауыр тиді. Осыған байланысты ұлттық құраманың бас бапкері ретіндегі кезеңім аяқталды деп есептеймін. Мен үшін ұлттық құраманы жаттықтыру үлкен мәртебе болды және барын салған ойыншылармен жұмыс істеу - үлкен тәжірибе», - деді Гаттузо.
31 наурыз күні Италия құрамасы еуропалық іріктеу кезеңіндегі плей-оффта Босния және Герцеговинадан сырт алаңда жеңіліп қалды (негізгі уақытта 1:1, пенальти сериясында 1:4). Осылайша команда 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмады.
2 сәуір күні Италия футбол федерациясының президенті Габриэле Гравина да қызметінен кетті. Жаңа президентті сайлау 22 маусымға жоспарланған.
Төрт дүркін әлем чемпионы саналатын Италия құрамасы үшін бұл қатарынан үшінші рет әлем чемпионатына қатыса алмау болды. Бұған дейін олар 2018 жылы Ресейде және 2022 жылы Қатарда өткен мундиальдарға да өте алмаған.
Гаттузо бапкерлік мансабында «Сьон», «Пиза», «Милан», «Марсель», «Наполи», «Валенсия» және «Хайдук» клубтарында жұмыс істеген. Ол «Наполимен» бірге 2020 жылы Италия кубогын жеңіп алған.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған