Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев биылғы Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) үздік ойыншысы атағына лайық футболшы туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Маманның сөзінше, биылғы маусымда 17 жастағы «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың ойыны ерекше көзге түскен.
«Сәтпаев – тамаша маусым өткізді. Нақты қанша гол соққанын білмеймін, бірақ жалпы ойын өрнегі мен тұрақтылығы жағынан ол – лиганың үздігі. Меніңше, ол биыл барлық жеке марапаттарды иеленуі тиіс. Нағыз көшбасшы, чемпион атанған “Қайраттың” символына айналды», – деді Бекбаев Sports24.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Сәтпаев кеше өткен шешуші ойында «Астанаға» қарсы кездесуде (1:1) чемпиондық голдың авторы атанып, командасына алтын жүлдені қамтамасыз етті.
2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша жас шабуылшы барлық турнирлерде 39 матч өткізіп, 18 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Ал Премьер-лигада 14 голмен маусымның екінші үздік сұрмергені атанды.
Фото: Қайрат футбол клубы