Футболдан әлем чемпионы Иранға барғаны үшін АҚШ-қа кіре алмады
Испания құрамасының бұрынғы қорғаушысы, әлем және Еуропа чемпионы Жоан Капдевила 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалына қатысу үшін АҚШ-қа бара алмайтынын мәлімдеді, деп жазады malimsports.kz.
48 жастағы экс-футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне және балаларына АҚШ-қа кіруге қажетті электронды рұқсат (ESTA) берілмегенін жазды. Капдевила бұл жағдайға АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунтын белгілеп, көмек сұрады.
Оның айтуынша, ол Испания құрамасын финалдық кездесуде қолдауды жоспарлаған.
Капдевила Cope радиосына берген сұхбатында АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмеуіне 2016 жылы Иран астанасы Тегеранда өткен матчқа қатысуы себеп болғанын айтты. Ол сол кезде Испания Ла Лигасының жұлдыздары мен Иран футболшылары арасындағы кездесуде ойнаған.
Жоан Капдевила Испания құрамасы сапында 60 матч өткізіп, төрт гол соққан. Ол 2010 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың барлық ойынына қатысып, Испанияның жеңісіне үлес қосты. Ал 2008 жылғы Еуропа чемпионатында бір ғана кездесуді жіберіп алды. Испания сол турнирде де чемпион атанған.
Әлем чемпионатының финалы 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласында өтеді. Шешуші матчта Испания мен Аргентина құрамалары кездеседі.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған