Футболдан әлем чемпионатының үздік сұрмергені шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді
Колумбия құрамасының жартылай қорғаушысы әрі капитаны Хамес Родригес Францияға қарсы жолдастық матчтан кейін қатты сусыздану салдарынан ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы Колумбия футбол федерациясы хабарлады.
Мәлімдемеде футболшының денсаулығына байланысты (спортқа қатысы жоқ) мәселелер бойынша дәрігерлердің бақылауында болғаны айтылған. Франциямен өткен матчтан кейін ойыншыда қатты сусыздану белгілері анықталған.
Дәрігерлердің бақылауында Хамес Родригес ауруханада үш күн болған. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, біртіндеп жақсарып келеді.
Айта кетейік, 29 наурызда өткен матчта Колумбия құрамасы Франциядан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
34 жастағы футболшы биыл қыста Мексиканың «Леон» клубынан АҚШ-тың MLS лигасындағы «Миннесота Юнайтед» командасына ауысқан. Ол бұған дейін мадридтік «Реал», португалиялық «Порту», «Монако», германиялық «Бавария», ағылшынның «Эвертон», грек «Олимпиакос» және бразилиялық «Сан-Паулу» клубтарында өнер көрсеткен.
Реал Мадрид сапында екі рет Чемпиондар лигасын, Испания чемпионатын және УЕФА Суперкубогын жеңіп алған. Сонымен қатар, Бавария құрамында Германия чемпионы атанса, «Порту» клубымен үш мәрте Португалия чемпионы болған.
Колумбия құрамасы сапында 124 матч өткізіп, 31 гол соққан. Ол 2014 жылғы әлем чемпионатының үздік бомбардирі атанған.
Фото: Getty Images
Ең көп оқылған