FIFA Қазақстанда балалар футболын дамытуға 250 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөлді
FIFA Қазақстан футбол федерациясының 2026 жылға арналған FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясындағы жобалық өтінімін мақұлдады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, сондай-ақ мамандарды даярлауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанға 250 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөлінеді.
Қаржы бірнеше негізгі бағытқа жұмсалады. Оның ішінде 125 мың АҚШ доллары дарынды жас футболшыларды анықтау және іріктеуге арналған «Болашақ чемпиондар» жобасын іске асыруға бағытталады.
Бапкерлер мен скауттардың біліктілігін арттыруға арналған оқу семинарларын ұйымдастыруға 50 мың АҚШ доллары бөлінсе, тағы 50 мың АҚШ доллары бағдарламаны басқаруға байланысты операциялық шығындарды қаржыландыруға қарастырылған.
Сонымен қатар 25 мың АҚШ доллары балаларды қорғау стандарттарын енгізуге және бағдарламаға қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетуге жұмсалады.
Арсен Венгер жетекшілік ететін FIFA-ның жаһандық футболды дамыту бөлімі Қазақстан футбол федерациясының жас футболшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған жобаларына жоғары баға берді.
Айта кетейік, FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы ұлттық футбол қауымдастықтарына жас таланттарды анықтау, дамыту және қолдау жүйесін жетілдіруге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылады.
Фото: ҚФФ
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған