ФИФА президенті Испания құрамасын әлем чемпионатының басты фавориті ретінде атады
ФИФА президенті Джанни Инфантино Испания ұлттық құрамасын алдағы 2026 жылғы әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі деп есептейді. Бұл туралы ол AS басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды malimsports.kz.
«Испания - басқа да мықты құрамалармен қатар фавориттердің бірі. Біз Испанияның күшін жақсы білеміз. ФИФА рейтингінде бірінші орында тұрған команда әлем чемпионатының басты үміткерлерінің қатарында болуы тиіс», - деді Инфантино.
2026 жылғы әлем чемпионатында Испания құрамасы H тобында Уругвай, Сауд Арабиясы және Кабо-Верде құрамаларымен кездеседі. Ал 2022 жылы Катарда өткен алдыңғы әлем чемпионатында испандар 1/8 финалда Марокко құрамасынан пенальти сериясында жеңіліп қалған болатын.
Испания құрамасы соңғы рет 2010 жылы әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар 2024 жылы команда Олимпиада ойындары мен Еуропа чемпионатын жеңіп алған.
Қазіргі уақытта ФИФА рейтингінде Испания құрамасы 1877 ұпаймен бірінші орында тұр. Екінші орында - Аргентина (1873 ұпай), ал үздік үштікті Франция (1870 ұпай) түйіндейді.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Бұл турнирге алғаш рет 48 команда қатысады, яғни алдыңғы жеті әлем чемпионатымен салыстырғанда 16 командаға көп болады.
Фото: ашық дереккөзден
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған