ФИФА Инфантиноның Трамп әкімшілігіне қоңырау шалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұйым президенті Джанни Инфантиноның АҚШ президенті Дональд Трампқа немесе оның әкімшілігі өкілдеріне телефон соққаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
ФИФА-ның баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі ресми парақшасында:
«ФИФА президенті соңғы күндері АҚШ президентіне де, оның әкімшілігінің бірде-бір мүшесіне де қоңырау шалған жоқ. Бұл – ойдан шығарылған ақпарат», - деп хабарлады.
Бұған дейін New York Post басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, Джанни Инфантино қызметінен кету туралы қысым күшейген тұста АҚШ әкімшілігінің қолдауына жүгінбек болғанын жазған еді. Басылым мәліметінше, ол АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлаған. Алайда кейіннен АҚШ Мемлекеттік департаменті де бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Еске салсақ, шілде айының соңында The Telegraph пен Financial Times басылымдары ФИФА әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін сатуды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. Мәліметке сәйкес, ұйым құны 20 миллиард доллар болатын FIFA Forward Enterprise (FFE) еншілес компаниясын құрып, оның 25 пайыз үлесін 4,2 миллиард долларға сыртқы инвесторларға сатуды көздеген.
Бұл бастама бірқатар ұлттық футбол федерацияларының сынына ұшырады. УЕФА және оған мүше 55 ұлттық қауымдастық ФИФА ұйымдастыратын турнирлерге бойкот жариялау мүмкіндігін көтеріп, Инфантиноның қызметінен кетуін талап етті.
1 тамызда ФИФА аталған жоспардан ресми түрде бас тартқанымен, Уэльс, Швеция және Сербия футбол федерациялары Инфантиноның келесі президенттік сайлауда қайта сайлануын қолдамайтындарын мәлімдеді.
Джанни Инфантино ФИФА президенті қызметіне 2016 жылы сайланған. Ол ұйымды ұзақ жыл басқарған Йозеф Блаттердің орнына келген болатын. Инфантино бұған дейін 2027 жылдың наурызында өтетін сайлауда қайтадан президенттікке үміткер болуға ниетті екенін де мәлімдеген.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған