FIFA Астанада футболдан оқыту курсын бастады
Астанада футболдағы таланттарды анықтауға арналған алғашқы оқыту курсы басталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл бағдарламаны Қазақстан футбол федерациясы және FIFA бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бұл оқу – FIFA-ның Talent Development Scheme (TDS) атты халықаралық бастамасының бір бөлігі. Жобаның мақсаты – әлемдегі жасөспірімдер футболын жаңа деңгейге шығару және елдерге тиімді талант дайындау жүйесін қалыптастыруға көмектесу.
Оқуға аймақтық скауттар, жасөспірімдер құрамаларының бапкерлері, ҚФФ Академиясының мамандары және өңірлік орталықтардың өкілдері қатысты.
Бағдарламаның басты сарапшысы – FIFA-ның Talent ID бойынша маманы Стив Морроу. Ол бұған дейін Лондонның «Арсенал» академиясында жұмыс істеп, Еуропада 25 жылдан аса тәжірибе жинаған танымал маман.
Оқытудың негізгі мақсаты – Қазақстанда Talent ID-дің біртұтас ұлттық жүйесін қалыптастыру. Бұл жүйе болашағы бар футболшыларды дұрыс таңдап, жасөспірімдер құрамаларын күшейтуге, сондай-ақ өңірлердегі скауттардың жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама барысында қатысушылар FIFA-ның ойыншыны бағалау әдістемесін, U10-U21 аралығындағы футболшылардың даму кезеңдерін, FI-TE-TA-ME индикаторларын, ойыншының әлеуетін талдау принциптерін, өңірлік орталықтар мен жасөспірімдер құрамаларына іріктеу тәртібін үйренеді. Сонымен бірге, ҚФФ-ның жаңа скаутинг жүйесі таныстырылды. Оның ішінде өңірлік өкілдер желісін кеңейту, EasyCoach цифрлық платформасын енгізу және болашағы бар ойыншылардың ұлттық дерекқоры – Player ID Bank құру жоспарланған.
Оқытудың практикалық бөлігі «Talent ID Cup» турнирі аясында өтеді. Қатысушылар U-12 жас санатындағы ойыншыларды тікелей бақылап, позиция бойынша салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Топтық талдау жасап, әр футболшының жеке профилін әзірлейді. Бұл мәліметтердің бәрі кейін ұлттық базаға енгізіледі.
Фото: ҚФФ
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған