Англияның «Ноттингем Форест» клубының аңызы, Шотландия құрамасының бұрынғы футболшысы, Еуропа чемпиондары кубогының (қазіргі - Чемпиондар лигасы) екі дүркін иегері Джон Робертсон 72 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Джон Робертсон 1979 жылы басты еурокубоктың финалында шведтің «Мальме» командасына қарсы өткен ойында (1:0) шешуші голға тікелей қатысып, жеңіске үлес қосты. Ал бір жылдан кейін, 1980 жылғы финалда Германияның «Гамбург» клубына қарсы кездесуде (1:0) жеңіс голын өзі соғып, «Ноттингем Форестке» трофейді алып берді.
Футболшы мансабының басым бөлігін «Ноттингем Форест» сапында өткізді. Ол клуб құрамында 500-ден астам матчқа қатысып, команданың екінші дивизионнан Англия чемпионы атағына (1978 жыл) дейін көтерілуіне айрықша үлес қосты.
Сондай-ақ Робертсонның жетістіктері қатарында УЕФА Суперкубогы, Англия Лига кубогының екі мәрте жеңісі және Англия Суперкубогы бар.
Команданың атақты бас бапкері Брайан Клаф Джон Робертсонды «біздің ойынымыздың Пикассосы» деп атағанын Reuters агенттігі атап өтеді.
Шотландия ұлттық құрамасы сапында Джон Робертсон 28 матч өткізген.
Фото: Getty Images