Эрлинг Холанд Гиннестің рекордтар кітабына бірден төрт рет енді
Норвегия құрамасы мен «Манчестер Сити» клубының шабуылшысы Эрлинг Холанд 26 жасында Англиядағы және халықаралық аренадағы жетістіктері үшін Гиннестің рекордтар кітабының бірден төрт сертификатына ие болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Marca мәліметінше, Холанд орнатқан басты рекордтардың бірі оның Англия Премьер-лигасындағы нәтижелілігіне қатысты. Норвегиялық футболшы турнир тарихында 100 гол межесіне ең жылдам жеткен ойыншы атанды.
Шабуылшы мерейтойлық 100-голын 2025 жылғы 2 желтоқсанда «Фулхэмге» қарсы ойында соқты. Англия чемпионатында 100 голға жету үшін Холандқа «Манчестер Ситидегі» дебютінен кейін небәрі 111 матч қажет болды.
Норвегиялық футболшы Англиядағы алғашқы маусымында-ақ тағы бір рекорд орнатты. Ол 2022/23 жылғы чемпионатта 38 матчта 36 гол соғып, Мохамед Салахтың 2017/18 жылғы нәтижесін жаңартты. Египеттік шабуылшы сол маусымда 32 гол соққан болатын.
Сонымен қатар Холанд Энди Коул мен Алан Ширердің көрсеткіштерінен де асып түсті. Екі футболшы да өз уақытында 34 голдан соққан. Алайда ол кезде Англия чемпионатындағы маусым 42 турдан тұрған еді.
Норвегиялық футболшының халықаралық аренада да рекорды бар. Холанд – УЕФА Ұлттар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген. Ол 2020-2024 жылдар аралығында турнирде 19 гол соқты.
Төртінші жетістігі Холандты Лионель Месси және Луис Адрианомен байланыстырады. Норвегиялық футболшы Чемпиондар лигасының бір матчында бес гол соққан ойыншылардың қатарына кіреді. Ол мұндай нәтижеге 2023 жылғы 14 наурызда «РБ Лейпцигке» қарсы кездесуде қол жеткізді.
Шабуылшы 2026 жылғы әлем чемпионатында Норвегия құрамасы сапындағы жарқын ойынынан кейін жаңа маусымды бастамақ. Турнир барысында Холанд әлем чемпионатының назарға іліккен ойыншыларының біріне айналды.
Сонымен қатар футбол алаңынан тыс жерде де Холандтың танымалдығы айтарлықтай артқаны атап өтілді. Әлем чемпионаты кезінде норвегиялық футболшының Instagram желісіндегі аудиториясы шамамен 24 миллион жазылушыға артты.
Айта кетейік, Холанд «Манчестер Ситиге» ауысқалы бері 198 матч өткізіп, 162 гол соққан. Норвегиялық шабуылшының ағылшын клубымен келісімшарты 2034 жылға дейін жарамды. Ал Transfermarkt оның қазіргі нарықтық құнын 220 миллион еуроға бағалап отыр.
Фото: depositphotos.com/operations@newsimages.co.uk
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған