«Елімай» – «Ордабасы» матчының бас төрешісі Арман Есмұратов бес тәулікке қамалды
Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өткен «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы кездесуге төрешілік еткен Арман Есмұратов бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды malimsports.kz.
13 маусым күні Семейде өткен матч шымкенттік клубтың 3:1 есебімен жеңісімен аяқталған болатын. Алайда ойыннан кейін негізгі назар матч нәтижесіне емес, төреші төңірегіндегі даулы жағдайға ауды.
«Елімай» футболшылары мен клуб өкілдері төрешіні матч барысында бейәдеп сөздер қолданды деп айыптады. Ал команданың бас бапкері Андрей Карпович Есмұратов ойыншыларға құрметсіздік танытып, клубқа қатысты қоқан-лоқы сипатындағы сөздер айтқанын мәлімдеді.
Кейін әлеуметтік желілерде стадион аумағында түсірілген видео тарады. Кадрларда төреші эмоцияға беріліп сөйлеп, семейлік клубқа қатысты өткір пікір білдіргені байқалады. Желі қолданушылары ерекше назар аударған тұс – оның маусым соңына дейін командаға қатысты әрекет ететінін меңзейтін сөздері болды.
Тараған мәліметтерге сәйкес, аталған жағдай бойынша Арман Есмұратов әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке қамауға алынған.
Қазіргі уақытта ресми органдар мен футбол құрылымдары оқиғаға қатысты толық қорытынды жариялаған жоқ.
Фото: kazfootball.kz
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған