Джесси Лингард мансабын Бразилияда жалғастырады
Англия құрамасының және Manchester United клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Джесси Лингард бразилиялық Corinthians командасымен келісімшартқа қол қойды, деп жазады malimsports.kz. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Футболшы FC Seoul клубынан 2025 жылдың соңында кеткеннен кейін Сан-Паулу қаласының командасына еркін агент ретінде қосылды.
Келісімшарт 2026 жылдың желтоқсанына дейін жасалған. Құжатта көрсетілген мақсаттар орындалса, келісім 2027 жылдың соңына дейін автоматты түрде ұзартылуы мүмкін. «Коринтианс» сапында Лингард 77-нөмірмен өнер көрсетеді.
Футболшы жаңа елдегі қарсы алуға тәнті болғанын айтты. Оның сөзінше, әуежайда жанкүйерлер «Алға, «Коринтианс»!» деп ұрандап қарсы алған.
Мұндағы жанкүйерлердің құштарлығы ерекше. Команда ойыншылары да мені өте жылы қабылдады, - деді Лингард.
Лингард 2024 жылдың ақпанында жеті ай клубсыз жүргеннен кейін «Сеул» клубына ауысқан болатын. Бұған дейін ол Nottingham Forest сапында ойнады.
Жартылай қорғаушы ең үлкен жетістіктеріне «Манчестер Юнайтед» клубында қол жеткізді. Ол клуб академиясының түлегі саналады және негізгі команда құрамында 232 матч өткізіп, Англия кубогын, Англия лигасы кубогын және Еуропа лигасын жеңіп алды.
Англия ұлттық құрамасы сапында Лингард 32 ойын өткізіп, командамен бірге 2018 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен.
Фото: Getty Images
Бүгін Қазақстан Премьер-лигасында жаңа маусым басталады
Ең көп оқылған