Дуглас Жуниор мен Лео футзалдан Қазақстан құрамасындағы мансабын аяқтады

Футзалдан Қазақстан құрамасының қорғаушысы Дуглас Жуниор мен Лео ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
— Өткен 10 жылда кәсіби де, жеке өмірімде жанымда болған барлық адамдарға алғыс айтамын. Бұл менің мансабымдағы ең керемет кезең болды. 2014 жылы шақырған Какауға, сенім білдірген Қайрат Оразбеков пен Андрей Мищенкоға, кейін жұмысты жалғастырған Какаға, сондай-ақ құрамадағы жергілікті жігіттерге жылы қабылдағандары үшін рақмет. Алғашқы Боснияға қарсы өткен тұсаукесер ойынымнан (4:2 есебімен жеңіске жеттік, мен 2 гол соқтым) бастап, осы құрамамен талай жақсы сәттерге куә болып, тарих жазатынымызға сенімді едім, — деді ол.
Дуглас Жуниор 1988 жылы Бразилияда дүниеге келген. Ол спорттық мансабын өз еліндегі АБС клубында бастап, кейін Чехияның «Эра-Пак» (Хрудим) командасында жалғастырды. 2014–2024 жылдары қазақстандық «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, 2022 жылы Ресейдің КПРФ клубына жалға берілді. Өткен жылдан бері Сауд Арабиясының «Аль-Ула» командасында ойнап жүр.
— Мен 11 жыл бойы құрмет тұтатын әрі сүйетін елімнің намысын қорғадым. Сол уақыт ішінде қуаныштан жыладым да, күлдім де, бар күш-жігерімді салып, әрдайым ұлттық құрама жейдесін мақтанышпен кидім. Барлық сәттер үшін шын жүректен алғыс айтамын. Әрине, Еуро-2026 турнирінде ойнағым келді, бірақ Құдайдың өз жоспары бар екен. Мен әрқашан жаңа буынды қолдаймын. Жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп жүрмін және сенімдімін: біз қайтадан әлемдегі үздік командалардың қатарына қосыламыз. Ортақ жетістіктерімізге өз үлесімді қосуға мүмкіндік бергендеріңізге рахмет. Рақмет саған, Қазақстан! Сен мені жақсы спортшы әрі жақсы адам еттің. Алға, Қазақстан! — деді Лео.
38 жастағы Лео ұлттық құрама сапында алғаш рет 2014 жылы алаңға шықты. Ол Игитамен бірге Қазақстанның тұңғыш рет Еуропа чемпионатына жолдама алуына көмектесті.
Лео Еуро-2016, ӘЧ-2016, Еуро-2018 және ӘЧ-2024 додаларында құраманың көшбасшыларының бірі болды. Алайда екі ірі турнирді жарақатына байланысты өткізіп алды: 2021 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында тізе байламын үзіп алды, ал Еуро-2022 алдында соңғы жаттығулардың бірінде қолын сындырып қалды.
Италиямен өткен плей-офф матчтарына Лео Бразилияның «Фоз Катаратас» клубының сапынан келді. Ұлттық құрама жейдесін киген 66 ойында жалпы 30 гол соқты.
Бұған дейін Шыңғыс Есенаманов пен Дуглас Жуниор да ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын хабарлаған болатын.
Фото: ҚФФ


Ең көп оқылған
