Дмитрий Огай «Шахтердің» бас бапкері болып тағайындалды
Танымал қазақстандық бапкер Дмитрий Огай Қарағандының «Шахтер» футбол клубының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Дмитрий Огай «Шахтер» клубының бас жаттықтырушысы ретінде ресми түрде тағайындалды. Оның алдындағы негізгі міндет – команданы Қазақстан Премьер-лигасына алып шығу. Былтыр маусымда қарағандылық клуб Бірінші лиганы төртінші орынмен аяқтаған.
65 жастағы маман бұған дейін «Ертіс», «Тобыл», «Қайсар», «Жетісу» секілді қазақстандық клубтарды, сондай-ақ Ресейдің «Урал» және «Нефтехимик» командаларын жаттықтырған. Соңғы жұмыс орны – 2017-2020 жылдары тізгінін ұстаған «Жетісу» клубы.
«Шахтер» футбол клубын басқару – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бірақ бапкерлер штабы мен әкімшілік ұжым алға қойылған міндеттерді орындау үшін бар күшін салады деп ойлаймын. Қарағанды футболының тарихы бәрімізге белгілі. Команда екі рет Қазақстан чемпионы атанды, Чемпиондар лигасында және Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Бұл – үлкен жетістік. Осы клубтың тарихын жасаған футболшыларды жақсы білеміз», – деді Огай баспасөз мәслихатында.
Бапкердің айтуынша, кез келген клубтың тарихында өрлеу мен құлдырау кезеңдері болады. Қазіргі таңда «Шахтер» бұрынғы биігіне жете алмай жүргенімен, алдағы уақытта жоғары нәтижелерге қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар.
«Қазір клуб өткен жетістіктерімен салыстырғанда қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан шығар. Бірақ ұйымшылдық пен дұрыс жұмыс болса, команда ҚПЛ-да ғана емес, халықаралық аренада да жоғары орындар үшін күреседі деп сенемін», – деді ол.
Фото: ҚФФ
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған