Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Англиядағы әйгілі Nigel James Elite Coaching футбол академиясының негізін қалаушы Найджел Джеймс Қазақстан ұлттық құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың жеке тәлімгері атанды.
Академияның Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, ағылшын маманы жас футболшының кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, оның мансаптық жолында жеке ментор ретінде жұмыс істейді.
«Nigel James Elite Coaching талантты Дастан Сәтпаевқа қолдау көрсетіп, тәлімгерлік ету құрметіне ие болды. Дарынды жас ойыншы келесі маусымда “Қайраттан” лондондық “Челси” клубына ауысуды жоспарлап отыр. 17 жастағы шабуылшы – соңғы жылдары Қазақстан футболынан шыққан ең жарқын таланттардың бірі. Осылайша Сәтпаевты, Nigel James Elite Coaching академиясын және “Челси” клубын қызықты кезең күтіп тұр», – делінген академия хабарламасында.
Жарияланған фотолардың бірінде Найджел Джеймс пен Дастан Сәтпаев Алматыдағы «Қайрат» клубының жаттығу базасында бірге түскен. Болжам бойынша, ағылшын маманы футболшының лондондық клубқа толыққанды ауысуына дейін оның жеке дамуына жауапты болады.
Айта кетейік, Найджел Джеймс – «Челси» клубының қорғаушысы әрі капитаны Рис Джеймстің әкесі. Бұл байланыс Сәтпаевтың кәсіби ортаға бейімделуіне және дайындық деңгейін арттыруға қосымша мүмкіндік беруі мүмкін.
Фото: instagram.com/nigeljameselitecoaching
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған