Дастан Сәтпаев Қазақстанның ең қымбат ойыншысы атанды
Transfermarkt порталы Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін футболшылардың жаңартылған нарықтағы бағаларын жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
17 жастағы Дастан Сәтпаевтың нарықтағы құны 500 мың еуроға өсіп, 3,5 миллион еуроға жетті. Осылайша ол ҚПЛ-дегі ең қымбат ойыншылардың бірі мәртебесін сақтап қалды. Жазда кәмелет жасына толған соң Сәтпаев ресми түрде лондондық «Челси» клубының ойыншысы атанады.
Ал ең қарқынды өсімді «Астананың» жас жартылай қорғаушысы Мақсат Абраев көрсетті. Оның нарықтық бағасы бірден 800 мың еуроға артып, алғаш рет 1 миллион еуро межесінен асты.
«Астананың» тағы бір футболшысы Иван Башичтің де құны көтерілді. Босниялық жартылай қорғаушының бағасы 300 мың еуроға өсіп, 1,5 миллион еуроға жетті.
«Қайрат» сапындағы Темірлан Анарбеков, Азамат Тұяқбаев және Александр Мрынский де өз құнын айтарлықтай арттырды. Сондай-ақ Ойва Юккола мен Жоржиньоның нарықтық бағасы өсті.
Жас қазақстандық ойыншылар арасында «Ордабасының» шабуылшысы Жасұлан Әмір, «Ақтөбенің» форварды Виталий Латурнус және «Елімайдың» қорғаушысы Арсен Әшірбек те өсім көрсеткен футболшылар қатарына енді.
Ал бағасы төмендеген ойыншылар арасында «Ақтөбенің» қорғаушысы Пабло Альварес, «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Луис Герра, сондай-ақ «Қайрат» шабуылшысы Рикардиньо мен «Елімай» қорғаушысы Иван Миладинович бар.
Жаңартылған рейтинг нәтижесінде «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат құрам мәртебесін сақтап қалды. Алайда Дастан Сәтпаевтың жаздағы трансферінен кейін бұл рейтингте өзгерістер болуы мүмкін.
Фото: Transfermarkt
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған