Британиялық The Guardian газеті қазіргі таңда әлемдегі ең талантты 60 жас футболшының есімін жариялады. 2008 жылы туған болашағынан зор үміт күттіретін ойыншылар тізімінде алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаев та бар, деп хабарлайды malimsports.kz.
Сәтбаев – биылғы маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан қазақстандық «Қайраттың» ең жарқын жұлдыздарының бірі. The Guardian жазуынша, ол 2024 жылдың мамыр айында, яғни 16 жасқа толуына үш ай қалғанда, Қазақстанның жоғарғы дивизионында дебют жасап, үлкен үміт күттірген. Жас шабуылшы сол сәттен бастап шешуші ойындарда өз әлеуетін дәлелдеп келеді.
Дастан Сәтбаев 2008 жылдың 12 тамызында Алматы қаласында дүниеге келген. 2024 жылдан бері «Қайрат» сапында ойнап, 24 кездесуде 12 гол соғып үлгерген.
Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 2025 жылдың 19 наурызында Кюрасао құрамасына қарсы өткізді.
Айта кетейік, биылғы жылдың ақпан айында жас шабуылшы Англияның әйгілі «Челси» (Лондон) клубымен трансферлік келісімге келген. Ол 18 жасқа толғаннан кейін лондондық команда сапына қосылуы мүмкін.
Фото: «Қайрат» клубының баспасөз қызметі